Версия для слабовидящих

Сайт мәзірі

ТАБИҒАТҚА ЖАНАШЫР ҰРПАҚ

Жұлдызды белсенді емесЖұлдызды белсенді емесЖұлдызды белсенді емесЖұлдызды белсенді емесЖұлдызды белсенді емес
 

Ақтөбедегі №14 «Қонжық» балабақшасында «ЭКО-CITY — Таза болашақ аумағы» атты экологиялық марафон өтті. 


Шараға тәрбиеленушілермен қатар, ата-аналар мен педагогтар да қатысып, экологиялық мәдениетті насихаттауға өз үлесін қосты.
Марафон барысында балабақша ауласы экологиялық алаңға айналды. Балалар табиғат туралы тақпақ айтып, ән шырқап, қоршаған ортаны қорғау тақырыбындағы суреттерін таныстырды. Ал қайта өңдеуге жарамды материалдардан жасалған қолөнер көрмесі көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Қатысушылар пластик, қағаз және тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жаратып, түрлі қолөнер бұйымын әзірлеген.

Шара аясында ағаш егіліп, «Таза аула» сенбілігі ұйымдастырылды. Сонымен бірге балабақшадағы «Экологиялық бұрыш» пен «Жасыл дәріхана» таныстырылып, балалар өсімдіктерді күтіп-баптау және емдік шөптердің пайдасы жөнінде мағлұмат алды.
Көпшіліктің назарын аударған жобаның бірі — «Көңілді жылыжай». Балалар ата-аналарымен бірге еккен көкөністерін таныстырып, оларды қалай күтіп жүргенін көрсетті. Жылыжайда қияр, қызанақ, тәтті бұрыш, пияз бен сәбіз өседі. Ал сыртқы аумаққа жүгері, картоп және кәді егілген.
— Балалар қыс бойы тұқым дайындап, көктемде егу жұмыстарына қатысты. Қазір көшеттерді күтіп-баптауға өздері көмектеседі. Осы арқылы олар еңбек етуді де, табиғатты аялауды да үйренеді, — деді тәрбиеші Гүлнара Нұрланқызы.
Балабақша ұжымының айтуынша, мұндай шаралар балалардың табиғатқа деген жауапкершілігін арттыруға ықпал етеді. Қазіргі таңда мекемеде 280-ге жуық бала тәрбиеленіп жатыр. Экологиялық бағыттағы жұмысқа ата-аналар да белсенді араласады.
— Балабақша аумағында жылыжай, қоқыс сұрыптайтын жәшіктер бар. Балалар гүл егіп, ағаштарды күтіп-баптауға қатысады. Осындай жұмыстар арқылы экологиялық мәдениет қалыптасады, — деді балабақша меңгерушісі Шолпан Омарова.

Аружан СМАҒҰЛОВА.

Разработка и техподдержка сайтов ИП Петрова Л.Н. 8 702 548 48 09

Top
We use cookies to improve our website. By continuing to use this website, you are giving consent to cookies being used. More details…